«Алла жазасын берсін»: Самат Смақовтың анасы ұлына қиянат жасалғанына сенімді

Редактор
04.11.2023, 09:13

Смақов жаттықтырған семейлік клуб биыл ел чемпионы атанды

Фото ашық дереккөзден

Осы апта семейлік «Елімай» клубы бас бапкерінің міндетін атқарған Самат Смақовтың қызметтен кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Осы жайтқа даңқты футболшының анасы Instagram әлеуметтік желісінде пікір білдірді.

Футболшының анасы ұлының еңбекқор екенін, клубты аяққа тұрғызғанын айтып отыр.

«Бұл менің ұлыма Елімайды көтергені үшін айтқан рахметтері. Спартак стадионы 19 жыл бойы тыныш жатқан еді. Саматтың арқасында оған жан бітті. Семейлік жанкүйерлер оянды және қуанды. Ұлым сол үшін маңдай терін төкті. Бірақ, біреулерге оның адал көңілі жақпай қалған сияқты. Біреуге оның кетуі керек болды. Мейлі, енді клубтың келер маусымда қалай ойнайтынын көрейік. Құдай куә. Бір Аллаға тапсырдым. Алланың көзі дұрыс болсын. Шыншыл адамдар көп жағдайда көпке жақпайды. Мен өз ұлымның адал және әділ екеніне кепіл болам. Осыны жасаған кісінің Алла жазасын берсін. БІР Құдайдан тілейтінім сол», - деп жазды футболшының анасы.

Саматтың өзі болса анасын «Ана, олардан биік болшы» деп жұбатты.

Еске салайық, «Елімай» футбол клубы биыл бірінші лигада ел чемпионы атанып, ҚПЛ-ге жолдама алған болатын.