«Елдің абыройына нұқсан келтіреді»: полиция «Ақтөбе» жанкүйерлерін не үшін қамағанын түсіндірді

Редактор
27.04.2024, 11:16

Аталған матчта «Ақтөбе» командасы 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді

screen

ҚПЛ-дің бесінші туры аясында Алматыда өткен «Қайрат» – «Ақтөбе» ойынынан кейін полиция ақтөбелік фанаттарды ұстап, жауапқа тартқаны туралы жазғанбыз. Бүгін ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев мұның себебін түсіндірді.

«Алматы қаласында балағат сөздер айтып, қоғамдық орынды ластаған футбол жанкүйерлері жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушыларға қатысты ұсақ бұзақылық, спорттық іс-шараларда өзін ұстау ережелерін бұзғаны, қоғамдық орында алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін әкімшілік шара қабылданды.

Мұндай әрекеттер футбол жанкүйерлерінің атына ғана емес, бүкіл елдің абыройына нұқсан келтіреді. Өз командаларыңызға қолдау көрсету дұрыс, бірақ бәрі заң аясында болуы тиіс. Қарсыластар мен басқа азаматтарды балағаттап қорлауға жол берілмеу керек. Құрметті азаматтар! ІІМ елімізде «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз етуді жалғастырады. Заң бәріне ортақ. Қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкелетін кез келген әрекет үшін жауапкершілік көзделеді»,-  деді департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Айта кетейік, жанкүйерлердің біразына айыппұл, кейбірін 15 күнге қамаған.