Франция президенті Эмманюэль Макрон Арсен Венгердің командасын жеңіп кетті

Редактор
27.04.2024, 11:46

Матчта Еуропа футболының жұлдыздары өнер көрсетті

Getty Images

Франция президенті Эмманюэль Макрон футболдан қайырымдылық матчына қатысып, бір гол соқты.

Қайырымдылық матч Плезирдегі «Бернар Жиру» спорт кешенінде өтті. Макронмен бірге алаңға Дидье Дрогба, Дидье Дешам, Лоран Блан, Эден Азар, Кристиан Карамбе, Йенс Леманн, Эммануэль Адебайор, Самюэль Это′О және басқа футбол аңыздары шықты.

Франция президенті 90 минут ойнады. Оның «Варьете» командасы қарсыласынан 5:3 есебімен басым түсті. Қарсылас команданы атақты Арсен Венгер алып шықты.

Жиналған ақша Франция лидерінің жұбайы Брижит Макронның қорына аударылады. Ол балалар ауруханасына қолдау көрсетеді.

Айта кетейік, үш жыл бұрын да Макрон қайырымдылық матчына қатысқан еді.

Франция басшысы былтыр  Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Сол кезде Қазақстан президенті Тоқаев оған тазы итін сыйлаған.