«Ақтөбе» ұпай жоғалтып, Семейге футбол оралды

Редактор
28.04.2024, 18:52

«Ордабасы» тағы ұпай жоғалтты

Ақтөбе ФК

Бүгін Қазақстан Премьер-лигасы 6-турының қалған екі ойыны өтті. Семейде «Елімай» мен «Ордабасы» тең түссе, Талдықорғанда «Ақтөбе» жергілікті «Жетісу» клубына есе жіберді.

Ұзақ уақыт үзілістен кейін Семейге футбол тойы оралды. Қазақ футболының отаны саналатын қалада Премьер-лиганың ойыны өтті. «Елімай» жаңа маусымда алғаш рет өз алаңында ел чемпионы «Ордабасыны» қабылдады. 8 мың көрермен келген матч тең аяқталды. Екі гол да өте жылдам соғылды. Алдымен, 3-минутта Сада Тиуб есеп ашса, арада 10 минут өткенде қақпашының қателігін Дембо Дарбо тиімді пайдаланды. Қорытынды есеп – 1:1.

Өткен аптада Алматыда «Қайратты» қапы қалдырып кеткен «Ақтөбенің» бұл жолы «Жетісуға» шамасы жетпеді. Қайрат Нұрдәулетов шәкірттері фавориттерге қарсы жақсы дайындалыпты. Әрбір таймда бір-бір голдан салып, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Енді «Жетісу» келесі аптада Қостанайға қонаққа барса, «Ақтөбе» өз алаңында «Астананы» қабылдайды.

Қазіргі кезде «Ақтөбе», «Астана», «Жетісу» клубтарында 10 ұпайдан бар.