Сондай-ақ, Түркістанда тұрмайтын ойыншыларға экология үшін үстемақы төлеп келген
«Тұран» футбол клубының басы дауға қалды. Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Тұран» клубының жұмысына қатысты жемқорлық фактілерін анықтады.
Ведомство клубтың сыйақы беру жоспарында сәйкессіздік барын мәлімдеп отыр.
Сондай-ақ, 47,7 миллион теңге көлемінде мөлшерден тыс сыйақы және үстемақы берілгені де белгілі болды.
Осылайша, клуб басшысы мен бапкерге (барлығы 5 адам) 12,7 млн теңге (команданың Кубоктың 1/8 финалына шыққаны үшін), ал бас бапкердің көмекшісіне 5,5 млн теңге («Ақжайық» клубын жеңгені үшін) сыйақы тағайындалған.
«Бұдан бөлек, 2022 жыл бойы «Тұран» ойыншыларына экология үшін 20% (төлем мөлшері 8,7 млн теңге) үстемақы беріліп келген. Бірақ бұл уақытта көрсетілген тұлғалар Шымкентте өмір сүріп, сол жерде жаттығу жасаған. Ал, Түркістанда қалып жұмыс істеген футбол орталығының бапкерлері өздеріне тиесілі үстемақыны алмаған», - делінген есепте.