«Боруссия» өз алаңында ПСЖ-ны жеңіп, Чемпиондар лигасының финалына жақындай түсті

Редактор
02.05.2024, 02:06

Дортмундтық команда соңғы рет 11 жыл бұрын жартылай финалда өнер көрсеткен

Getty Images

Еуропа Чемпиондар лигасының жартылай финалдық алғашқы ойындары аяқталды. Кеше «Бавария» мен «Реал» 2:2 есебімен тең тарқасса, бүгін дортмундтық «Боруссия» өз алаңында ПСЖ-ны 1:0 есебімен жеңді.

Матчта небәрі бір гол соғылғанына қарамастан, кездесу өте тартысты әрі қауіпті сәттерге толы болды. 36-минутта неміс командасы қорғаушысы Нико Шлоттербектің алыстан асырған пасына бірінші жеткен Никлас Фюллькруг есеп ашты. Бұл есеп матч соңына дейін сақталды.

Қарымта ойын Парижде 7 мамырда өтеді. 

Айта кету керек, «Боруссия» араға 11 жыл салып Чемпиондар лигасының жартылай финалында қайта өнер көрсетіп жатыр. Ширек финалда олар Мадридтің «Атлетикосын» жеңген болатын.