Месси бір ойында нәтижелі 5 пас беріп, өз рекордын жаңартты (ВИДЕО)

Редактор
05.05.2024, 10:53

Даңқты футболшы сондай-ақ, бір гол соқты

Getty Images

Футболдан АҚШ чемпионатының кезекті туры аясында «Интер Майами» өз алаңында «Нью-Йорк Ред Буллз» командасын қабылдап, 6:2 есебімен ойсырата жеңіске жетті.

Бұл ойында аргентиналық әйгілі футболшы Лионель Месси бір гол соғып, бес бірдей нәтижелі пас шығарды. Ал, уругвайлық шабуылшы Луис Суарес болса хет-трик авторы атанды.

Есепті 30-минутта қонақтар ашты, гол авторы – Данте Ванзер. Ал, «Интер Майами» екінші таймда күш алып, 45 минутта алты гол соқты. Атап айтқанда, 49-минутта Матиас Рохас есепті теңестірсе, екі минуттан кейін Суарес командасын алға шығарды. 61-минутта Рохас дубль авторы атанды. Ал, уругвайлық шабуылшы матч соңына дейін тағы екі гол соқса, Месси бір голмен көзге түсті. «Ред Буллз» сапынан Эмиль Форсберг 11 метрлік пенальтиді сәтті орындап, есепті 6:2-ге қысқартты.

Айта кету керек, алты голдың бесеуі Мессидің пасының нәтижесінде қақпаға кірді. Бұл – аргентиналық шабуылшының жеке рекорды.

Қазіргі таңда «Интер Майами» 12 матчта 24 ұпай жинап, турнир кестесінің бірінші сатысында келеді. «Ред Буллз» болса 17 ұпаймен жетінші орынға жайғасқан.