Жиров бапкерлікке тағайындала ма? Боксшының өзі жауап берді

Редактор
05.05.2024, 11:56

Ол Қазақстан бокс федерациясынан үмітін үзген секілді

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Василий Жиров Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында ұлттық құрамамен жұмыс істеуі мүмкін деген болжамға қатысты пікір білдірді.

Олимпиада чемпионының сөзіне қарағанда, оның бапкерлік штабқа тағайындалуына қатысты нақты әңгіме айтылмаған. Алайда, Жировтың өзі Италиядағы лицензиялық турнирден кейін ұлттық құраманың боксшыларын жаттықтыруға көмектесетінін мәлімдеген болатын.

«Әзірге үнсіздік. Меніңше, қазір олар Олимпиада ойындарына дайындықпен уақыт таппай жатқан секілді. Сондықтан күтудің де қажеті жоқ. Қазақстан боксшыларының Олимпиададағы өнеріне келсек, әлеует бар, бәрі психологиялық және физикалық даярлыққа байланысты», - деді Жиров.

Естеріңізде болса, Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин Жировпен кездесіп, Қазақстан құрамалары аясында бапкерлікпен айналысу туралы ұсыныс жасаған.