Роналду мен Месси бір клубта ойнауы мүмкін

Редактор
06.05.2024, 00:31

Олардың басын Дэвид Бекхэм қоспақшы

Getty Images

Америкалық «Интер Майами» клубы португалдық даңқты футболшы Криштиану Роналдуды сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр деп хабарлады белгілі журналист Абдулазиз Әл-Осаими.

Оның айтуынша, «Интер Майамидің» президенті Дэвид Бекхэм Роналду мен Мессиді бір клубта ойнатуды мақсат етіп отыр. Ол бұған дейін де Роналдуды майамилік клуб сапына қосуға әрекет еткен болатын. Алайда, оның алдын саудиялық миллиардерлер орап кетті.

Қазір «Әл-Наср» клубында өнер көрсететін Роналду 40 матч өткізіп, 41 гол соққан. Португалдық шабуылшының жылдық жалақысы – 200 млн доллар. Оның келісімшарт мерзімі 2025 жылдың соңына дейін.