Француздар кешегі ойында қақпаға 31 рет доп теуіп, бірде-бір гол соға алмады
Еуропа Чемпиондар лигасының жартылай финалында «Боруссиядан» жеңілгеннен кейін, ПСЖ бапкері Луис Энрике эмоциясын жасыра алмады.
Айта кетейік, қос матчтың нәтижесінде 2:0 есебімен жеңіске жеткен дортмундтық команда араға 11 жыл салып осынау жарыстың финалына шығып отыр. «Боруссия» өз алаңында да, сырт алаңда да француздардан 1:0 есебімен басым болды.
Ал, Парижде толассыз шабуылдап, бірде-бір гол соға алмаған ПСЖ енді келесі маусымға дайындалады. Бұл жолы Луис Энрике шәкірттерінің расымен де жолы болмады.
«Футбол – әділетсіз ойын. Дәл осындай ойынмен жеңілуін өте өкінішті. Қос ойында біз 6 рет допты қақпа бағанына тигіздік. Бүгінгі ойынның өзінде қақпаға 31 рет доп тептік, бірде-бірі кірмеді. Бұған қалай сенесің? Бірақ, бұл – футбол.
Қарсылас команданы финалға шығуымен құттықтаймын. Мұнда бәсекелестік өте жоғары болып жатыр. Жеңілісті мойындаймыз және қабылдаймыз. Тезірек қалыпқа келіп, әрі қарай ойынды жалғастырамыз», - деді Луис Энрике ойыннан кейін болған баспасөз конференциясында.
Чемпиондар лигасының финалы 1 маусымда Лондондағы Уэмбли стадионында болады. «Болруссияның» қарсыласы бүгін «Реал» – «Бавария» арасындағы матчтан кейін анықталмақ.