Клубқа бөлінетін ақшаның 500 миллионы қарызды жатуға кетеді
«Қайсар» футбол клубының бас бапкері Виктор Кумыков Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында командадағы проблемалар туралы ашып айтты. ҚПЛ-дің сегізінші турында оның шәкірттері «Астанамен» тең ойнаған болатын.
Маманның сөзінше, ең басты мәселе – қаражат тапшылығында. Соның салдары ойынның сапасына да әсер етеді дейді ол.
«Біріншіден, жарты жыл бойы жалақы кешіктірілді, мұның көңіл күйге әсер еткені анық. Екіншіден, футболшыларға қатысты мәселелер туындады. Арасында жарақат алғандары бар, кейбірі виза жасата алмады. Оқу-жаттығу жиындарына қатысқан негізгі құрамның үш-төрт ойыншысы қатардан шығып қалды. Одан қалды, сәттілік жетіспеді. «Ақтөбемен» өткен ойында да оңтайлы сәттер болғанымен, біз пайдалана алған жоқпыз. Бірнеше себеп бар», - деді Кумыков.
Бапкер жазғы трансферде қатарға мықты футболшылар қосатындай клубта қаражат жоқ екенін алға тартты.
«Өкінішке қарай, қоса алмаймыз. Біздің бюджет 1,2 миллиард теңге, соның 500 миллионы қарызды жабуға кетеді, 200 миллионы – Бірінші лига командасына беріледі. Егер қосымша қаражат болса, жаңа ойыншыларды қатарға қосуға болушы еді. Бізге Валерий Громыко келгенімен, оның келісімшарт мерзімі небәрі үш айға ғана есептелген. Жалпы, Громыко кететін шығар деп ойлаймын. Басқаларына ұсыныс түссе, оларды да ұстап тұра алмаймыз», - деді Кумыков.
Кумыков клубтың неліктен аутсайдерлер қатарынан шыға алмай жүргенін де түсіндірді.
«Бізді жыл сайын аутсайдер деп айтады. Себебі бюджетіміз аз. Мүмкіндік туындай қалса, футболшылардың бәрі қашып кетуге дайын тұрады. Қалай ұстайсың? Бұрын ақшамен қызықтыратынбыз, қазір ақша жоқ. Сондықтан Бірінші, Екінші лигалардан футболшылар аламыз. Тек сол деңгейдегі футболшылар ғана келеді. Бірақ біреу шақырса, олар да кетіп қалуға дайын. Әзірге бар мүмкіндікпен ұпай жинауға тырысып жатырмыз», - деді бас бапкер.