Euro-2024: «Неміс машинасы» 28 жылдан кейін Еуропа чемпионы атана ала ма?

Редактор
14.05.2024, 22:04

Биыл неміс футболында тосын бетбұрыс болып жатыр. Хаби Алонсо жаттықтыратын "Байер" командасы Германияда да, Еуропада да ешкімді бет қаратпай, рекордтардың бәрін жаңартып келеді.

1bol.kz

Тіпті, 120 жылдық тарихында тұңғыш рет бундеслиганы жеңіп алды. "Бавария" мен "Боруссия Дортмунд" ішкі біріншілікті қатырмаса да, Чемпиондар лигасының жартылай финалына жетті. Мерзімінен бұрын Германия чемпионы атанған "Байер" де Еуропа лигасының жартылай финалына сүрінбей жетті.

Біз неміс клубтарының жетістігіне не үшін тоқталып отырмыз. Себебі 2024 жылғы Еуропа чемпионаты Германияда өтеді. Клубтардың атой салуы неміс футболындағы серпілісті көрсетеді. Ұлттық құрамадағы ойыншылардың дені Германияның осындай азулы клубтарында ойнайды.

Сонымен, бүгіннен бастап ЕУРО-2024 күнделігін бастаймыз. Алғашқы шығарылым жарыс қожайыны – Германия құрамасы туралы болмақ.

Төрт рет әлем чемпионы болған немістер ЕУРО жайлы бұлай мақтана алмайды. Германия тарихында небәрі 3 рет қана Еуропа чемпионы болған. Соңғы рет 2008 жылы финалға шығып, испандардан 0-1 есебімен жеңілді. Неміс футболына жаңа леп әкелген Мануэль Нойер, Филипп Лам, Бастиан Швайнштайгер, Месут Озил, Жером Боатенг, Марио Гетце, Сами Хедира, Матс Хуммельс, Мирослав Клозе сияқты алыптар қанша тырысып бақса да, Еуро чемпионы бола алмады. Қазір сол буынның арасынан Тони Кросс, Томас Мюллер секілді көзкөргендер қалды.

Германия 2018 жылы Ресейде өткен, 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатын сүреңсіз өткізді, тіпті тобынан шыға алмады. 2012 және 2016 жылғы Еурода да жартылай финалдан аса алмай, 2021 жылы 1/8 финалдан қайтты.

Міне, халықаралық жарыстарда 10 жыл бойы нәтиже көрсете ала алмай жүрген немістердің биыл атой салатын уақыты туды. Тер Штеген "Барселона" қақпасын торитын тәжірибелі қақпашы, Джонатан Та – Антонио Рюдигер тандемі қорғанысты тасқамал етуге тиіс, қапталдағы қорғаушылар - Максимилиан Миттельштадт пен Йозуа Киммих те сын сағатында сыр алдырмайтын ойыншылар. Тони Кросс бірнеше жыл үзілістен кейін ұлттық құрамаға оралды, оның жанында тәжірибелі Илкай Гюндоган бар. Екі маэстро жанына Андрих пен Горецканы жегуге болады. Шабуыл шебінде ойнайтын Флориан Фирц, Джамал Мусиала, Лерой Сане, Кай Хаверц, Никлас Фуллкруг сияқты өткір футболшыларды қосыңыз... Демек, Германия құрамасы барлық позицияда ТОП футболшысы бар, ротация үшін де арсеналы бай команда.

Германия – ЕУРО фавориті ме? Иә деп кәміл айта алмаймыз, жоқ деп кесіп болжам бере алмаймыз. Біріншіден, немістер жарыс иесі ретінде іріктеу сынына қатысқан жоқ. Басқа құрамалар жолдама үшін таласып жатқанда, Германия тек жолдастық кездесулер өткізді.

Десе де, Германия құрамасы ЕУРО алдында ашық майданда шынықпаса да, қайнауы аз болған жоқ. Ұлттық құрама тізгінін Юлиан Нагельсман ұстағалы командада мотивация, жаңаша ойын өрнегі, жеңіске деген талпыныс пайда болды. Ішкі ротация күшейіп, әр позиция үшін бәсеке де артты. Германия соңғы екі жолдастық кездесуінде де – Нидерланды және Франция командаларына қарсы матчта жеңіске жетті. Тактикалық тосын жүріс те, жеңіске деген жігер де байқалды. Үш жылдан кейін ұлттық құрамаға қайта оралған Тони Кросс та керемет камбэкпен оралды. Ұзақ жылғы үзілістен оралған маэстро екі матчта 2 ассист жасап үлгерді.

Айтпақшы, Юлиан Нагельсман ұлттық құрама бас бапкері қызметін 2026 жылға дейін – АҚШ, Мексика, Канадада өтетін әлем чемпионатына дейін атқаратын болды. Неміс футбол одағы Нагельсман атқарып жатқан жұмысқа көңілі толады, ұлттық құрамада прогресс барын анық көріп отыр. Десе де, биылғы ЕУРО Нагельсман болашағын нақтылайтын негізгі фактор.

ЕУРО-2024 додасының шымылдығын Германия – Шотландия матчы түреді. Одан бөлек А тобында Швейцария, Венгрия командалары да бар. Немістер тобынан сүрінбей шығуға тиіс. Жалпы, немістер ЕУРО фавориті болмаса да, өз тобындағы анық үздік саналады.

Юлиан Нагельсман ұлттық құрамамен қош айтысқан Тони Кроссты көндірген адам. Тони Кросс ұлттық құрамаға қажет ойыншы екенін 8 секунд ішінде дәлелдеп, француздарға қарсы матчта Флориан Вирц салған жылдам голдың ұйымдастырушысы атанды.

Тони Кросс – футбол интеллектісі жоғары футболшы. Идеясы, тактикалық тапқырлығы бар ойыншы. Осы тұрғыда Кросс пен Нагельсманның ойы бір жерден шығып, ортақ шешімге келді. Нагельсман – жаңашыл бапкер, ұлттық құрамадағы Тони Кросс, Илкай Гюндоган, Йозуа Киммих, Томас Мюллер сияқты лидерлердің құрметін алған, командада жылы атмосфера құрған маман.

Германия құрамасының осал тұсын айтайық: немістер қашан да мықты форвардқа бай болды. Оливер Бирхофф кеткен соң бірнеше циклды жалғаған Мирослав Клозе болды. Кейін Клозенің орнын Марио Гомес басып, ол да 10 жылдан астам уақыт өндіріп гол салды.

Қазір шабуыл шебінде ойнайтын Кай Хаверц, Никлас Фуллкруг – өндіріп гол салатын голеодорлар емес. Бас бапкер Нагельсман негізгі құрамда көбіне Кай Хаверцті шығарып, көбіне классикалық форвардсыз ойнауға бел байлап отыр. Өйткені, футболда тенденция өзгеріп жатыр. Қазір номиналды форвардсыз ойнайтын командалар көбейді. Германия да сол үлгіні ту етіп шыққалы отыр.

Жуырда GOAL басылымы алдағы ЕУРО-2024 додасының басты фавориттерін атады. Рейтингтегі алғашқы үштікте Франция, Португалия және Бельгия командалары орналасқан. Одан кейін Англия, Германия, Испания, Италия құрамалары ретімен орналасқан.

Франция командасының қазіргі алтын буыны да Еуропаны бағындыра алған жоқ. Англия да соңғы финалда жеңіліп, осы ЕУРО-ға мықты құраммен келе жатыр. Германия 1996 жылдан берін Еуропа чемпионы атанбаған. Демек, мотивация бәрінде бар.

Айтпақшы, Германия ұлттық құрамасы 70 жыл бойы серіктесі атанған Adidas компаниясынан бас тартып, 2026-2027 маусымнан бастап NIKE формасымен шыққалы отыр. Жаңа форма – жаңа бапкер – жаңа көзқарас.