Ол Қазақстан құрамасында да ойнаған
Бүгін Қазақстан футбол лигасының (QFL) жаңа президенті сайланды. Бұған дейін қызметінен кеткен Рафаэль Гарибянның орнын Ғани Қайназаров басты.
Бұл шешім лигаға мүше клубтар өкілдерінің кезектен тыс отырысында қабылданды. Дауыс берушілердің көпшілігі QFL жаңа басшысының кандидатурасын мақұлдады.
Қайназаров әр жылдары футболшы ретін «Қайрат» пен «Тараз» клубтарында өнер көрсетіп, ұлттық құраманың да намысын қорғады. 1996 жылы «Тараз» сапында ел чемпионы атанды. Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Футбол мансабын аяқтаған соң «Тараз» футбол клубының президенті, «Астана» ФК спорт директоры қызметтерінде болды. Сондай-ақ, Қазақстан футбол федерациясында құрама командалар департаментінің директоры болып та жұмыс істеді.
2024 жылдың 2 сәуірінде QFL вице-президенті ретінде тағайындалды.
Айта кетейік, бұған дейін «елде білікті маман жоқ деп» сұхбат берген Рафаэль Гарибян өз еркімен қызметінен кеткен еді.