Ол «Адана Демирспорға» биыл ақпанда ауысқан
Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов ресми матчтарда Түркияның «Адана Демирспор» клубындағы алғашқы голын соқты.
Бүгін Түркия чемпионатының 37-туры аясында «Адана Демирспор» мен «Антальяспор» кездескен болатын. Ойынның 46-минутында алаңға шыққан Айымбетов 65-минутта алғашқы голын соқты және таразы басын теңестірді – 1:1.
Алжирлік Юсеф Аталядан пас алған қазақстандық шабуылшы қақпаны дәл көздеді.
Айта кетейік, Абат Айымбетов «Адана Демирспор» клубына биыл ақпан айында ауысты. Түркия клубының сапында ол чемпионаттағы сегіз матчқа қатысты.