«Үш күн ұйықтамадым»: Өзбекстан президенті футболшылардың жеңілісін ауыр қабылдаған

Редактор
18.05.2024, 23:57

Өзбекстанның жастар құрамасы Азия кубогінде екінші орынға ие болған еді

president.uz

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев футболдан U-23 жасқа дейінгілер арасында өткен Азия кубогінің финалы мен Өзбекстан құрамасының Олимпиада жолдамасына иелік етуіне қатысты пікір білдірді.

Құрама ойыншысы Умарали Рахмоналиев матчтың 99-минутында 11 метрлік пенальтиден гол сала алмаған соң, Мирзиеев үш күн бойы көз ілмеген.

«Мен соның орнында болсам ғой деп ойладым. Неге бұлай болды екен, бір ғана доп қой дедім. Футболшылар шеберлігін көрсетті. Ойыннан соң көбімен сөйлестім. Оларға құттықтау хат жібердім», - деді Өзбекстан президенті.

Мирзиеев Өзбекстан құрамасының тұңғыш рет Олимпиадаға жолдама алғанын және мұның өте жоғары нәтиже екенін алға тартты.

«Қазір біздің 5-6 баламыз танымал клубтарда өнер көрсетіп жүр. Бұл шынымен де мақтанарлық жайт», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 23 жасқа дейінгілер арасында өткен Азия кубогінің финалында Өзбекстан Жапонияға 0:1 есебімен жол берді. Өзбекстан қақпасына гол қосымша уақытта кірді. Ал 90+7 минутта төреші Күншығыс елінің қақпасына пенальти белгілеп, өзбектерге есепті теңестіруге мүмкіндік берген. Алайда, Умарали Рахмоналиевтің сол жақ бұрышқа тепкен добын қақпашы қайтарды. 

Осылайша, Жапония Азия кубогінде топ жарса, Өзбекстан екінші орын алды және бұл нәтиженің өзі көршілерімізге Олимпиада жолдамасына иелік етуге жеткілікті.