Футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Кака Астанада ағаш отырғызды

Редактор
22.05.2024, 14:08

Бұған дейін әйгілі Клод Макалеле де осы акцияға қатысқан болатын

Қазақстан футбол федерациясы

«Таза Қазақстан» акциясы аясында әйгілі футзал жұлдызы, Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака Астанадағы «Футбол үйінің» алдында ағаш отырғызды.

Шараны ұйымдастырған Қазақстан футбол федерациясы өкілдерінің айтуынша, мұндай акцияға қоғамның әрбір мүшесі атсалысуы тиіс. Бұл біріншіден – экологияны жақсартуға септігін тигізсе, екіншіден – танымал адамдарды тарту арқылы жастарға патриоттық тәрбие беру.

«Біз Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясын қолдау үшін осында келіп отырмыз. Мен үшін бұл – мәртебе. Жастар бізді көріп, олар да осылай ағаш отырғызса, айналасын таза ұстаса жақсы емес пе?!» - деді Кака акциядан кейін.

Шараға белгілі меценат Талғат Қожахметов те келді. Ол соңғы жылдары шағын футболды дамытуға елеулі үлес қосып жүрген жандардың бірі.

«Бұл белгілі спортшылар тарихқа атын тек футболшы немесе футзалшы ретінде ғана қалдырмайды, келер ұрпақ мына ағаштарды көргенде оны кім еккені туралы да ақпарат алады, яғни табиғат жанашыры деп те танитын болады. Бұған дейін де осы аллеяға танымал футболшылар келіп ағаш отырғызды. Бәрі жайқалып өсе бастады. Бұл - өте керемет бастама, акцияға әрбіріміз қатысуымыз керек», - деді Т.Қожахметов.

Еске салайық, бұған дейін Астанаға қонаққа келген «Челсидің» экс-ойыншысы Клод Макалеле де осында ағаш отырғызған болатын.

Ал, Рикардо Кака жаттықтыратын Қазақстан құрамасы қазір Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатыр.