Шымкенттің «Ордабасы» клубына жаңа директор тағайындалды

Редактор
22.05.2024, 21:13

Оны қала әкімдігі Астанадан алып келген

Sport Qory

Осыдан бірер апта бұрын Шымкенттің «Ордабасы» клубы директорсыз қалған болатын. Енді 3 маусымнан бастап бұл лауазымды қызметке Асхат Сейсембеков кірісетін болды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«Асхат Сейсембек – «Ордабасының» жаңа президенті. 3 маусымда «Ордабасы» клубының жаңа президенті ресми түрде қызметіне кіріседі. Біз Асхат Рашидұлының бастамасын асыға күтеміз және оның басшылығымен клуб жаңа белестерді бағындыратынына сенімдіміз», - делінген клубтың Instagram-парақшасында.

Бұл лауазымға таласқандардың саны көп болды. Тіпті, жанкүйерлердің өзі бірнеше нұсқаны ұсынып көрді. Алайда, Асхат Сейсембектің бағы жанды.

Ол осыған дейін дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақша қаражатын бөлу жөніндегі бірыңғай оператор саналатын Sport qory-ын басқарды. Сонымен қатар, Жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы болған.

Жас кезінде футболмен айналысқан. Туған жері Павлодар облысының «Ертіс», Қостанайдың «Тобыл» клубтарының дублінде доп тепкен.