Гвардиола «Манчестер Ситиден» кетуі мүмкін

Редактор
27.05.2024, 09:56

Бас бапкер командаға 17 трофей алып берді

Getty Images

2025 жылы «Манчестер Ситидің» бас бапкері Хосеп Гвардиола қызметінен кетеді деген болжам бар. Бұл уақытта қос тарап арасындағы келісімшарттың мерзімі аяқталады және оны создыруға испан маманының ниеті жоқ деп жазды Daily Mail басылымы.

Клуб қожайындары Гвардиоланың адал еңбек еткеніне разы екен. Сондықтан, шешім қабылдауды өзіне қалдырыпты. Ал, оның орнына қазірдің өзінде басқа кандидаттарды қарастырып жатқан көрінеді.

Мәселен, биылғы маусымда үлкен серпіліс жасаған «Жирона» жаттықтырушысы Мичелмен келіссөз жүруі мүмкін. Оның командасы биыл Ла Лигада үшінші орын алып, Еуропа Чемпиондар лигасының келесі маусымына қатысуға дайындықты бастап кетті.

Сонымен қатар, неміс маманы Юлиан Нагельсман мен «Байерді» Германияда чемпион қылған Хаби Алонсоның да кандидатурасы қаралып жатыр.

Гвардиола «Манчестер Ситиді» 2016 жылдан бері жаттықтырып келеді. Осы уақытта ол 17 трофей жеңіп алды. Ал, биыл команда қатарынан төртінші жыл АПЛ чемпионы атанып, тарихында болмаған жетістікке қол жеткізді.