Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев ақыры қызметінен кетті

Редактор
31.05.2024, 10:06

Қазақстан футбол федерациясы жаңа бапкерді келесі аптаның басында тағайындап, таныстыруға уәде етті

Қазақстан футбол федерациясы

Футдболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев ақыры қызметінен кетті. Шешен маманы жыл басынан бері Грозныйдың «Ахмат» клубында қатар жұмыс істеп келген.

Бас бапкердің отставкасы туралы ҚФФ-ның баспасөз қызметі хабарлап отыр. Федерация президенті Әділет Бәрменқұлов бүгін Футбол үйінде жаттықтырушылар штабымен кездесіп, жиын барысында осындай шешімге келгенін мәлімдеген.

«Бас бапкер Магомед Адиев мұндай шешімді отбасылық жағдайына байланысты қабылдағанын алға тартып, қызметінен кетті. ҚФФ мұндай бағытқа да дайын болды және келесі аптаның басында жаңа бапкерді таңдайды», - делінген аталған хабарламада.

Айта кетейік, Магомед Адиев жыл басында Грозныйдың «Ахмат» футбол клубымен келісімшарт жасасқан. Маман екі қызметті қатар алып жүрді. Алайда, соңғы бірнеше күнде ол екі қызметтің бірін таңдауға мәжбүр болатынын айып қалған еді.

Адиевтің өзі жас кезінде «Ахмат» сапында доп тепкен. Кейін осы команданы жаттықтырды.