Соңғы үш жылда екі құрама екі рет кездесіп, оның екеуінде де Қазақстанның мерейі үстем болды
31 мамырда футболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы Армениямен кездесу өткізеді. Еуро-2025 іріктеу кезеңі аясында өтетін матч алдында Қазақстан құрамасының шабуылшысы Светлана Бортникова құраманың даярлығы жайлы айтты.
- Светлана, көптен бері құрамада болмап едіңіз. Оралуыңызбен құттықтаймыз! Қалыпқа келу процесі қалай өтті?
- Жағдайым жақсы, чемпионатта ресми екі ойын өткізіп үлгердім. Бабымдамын деп айта аламын. Қыздарымыз да толықтай дайын. Көздері жанып тұр.
- Қарсыластар жайлы не айтасыз?
- Біз олармен үш жыл бұрын жолдастық кездесу, ал екі жыл бұрын ресми матч өткіздік. Екі матчта да жеңіске жеткенбіз. Бұйыртса, ертеңгі ойында да жеңеміз деп үміттенем.
- Қазақстан құрамасының басты күші неде?
- Күшіміз – бірлікте. Біз бәріміз ортақ мүдде, бір мақсат үшін еңбектеніп жатырмыз.
- Қазір құрамада жас ойыншылар көп, олар сіңісіп үлгерді ме?
- Иә, қатарымыз жастармен толығып жатыр. Арасында қиындықтар болады. Бірақ жастардың келіп жатқаны дұрыс, қыздар өте белсенді, бейімделіп, үйреніп жатыр. Жігерлендіріп, қолдау көрсетуге тырысамыз.
- Алаңның сапасы көңілден шықты ма?
- Қаттылау екен, ертеңге дейін жақсылап суарса, ойдағыдай болады деп ойлаймын.
- Қыздар тілшілер тарапынан мұндай назарға үйренбегенін айтып жатыр…
- Ол рас. Сіздердің жан-жақтан камера қосып, сұрақ қойып жатқандарыңыздың өзінен мен де қобалжып тұрмын. Бұған да біртіндеп үйрену керек секілді.
- Ендеше, сәттілік серік болсын!