«Зенит» биылғы маусымдағы барлық трофейді жеңіп алды
Футболдан Ресей кубогының суперфиналында «Зенит» пен «Балтика» кездескен болатын. Осы ойынның 95-минутында Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп жеңіс голын соқты.
Ақтық ойын Мәскеудегі «Лужники» стадионында өтті. Бірінші таймда Алекс Фернандес (40-минутта) «Балтиканы» алға шығарған. Мұнан кейін калининградтық клуб қорғанысқа жатып алып, 81-минутқа дейін уақыт созуға тырысқан. Алайда, «Зениттің» бразилиялық легионері Нино матчтың аяқталуына 10 минут қалғанда есепті теңестіріп кетті.
Ал төреші қосқан қосымша минутта Нұралы Әліп Санкт-Петербург командасына жеңіс сыйлады.
Айтпақшы, бұл Нұралының «Зенит» сапында ресми ойындағы алғашқы голы.
Осылайша, Сергей Семак шәкірттері бұл маусымда алтын дубль істеді. Команда осыған дейін Ресей чемпионатын жеңіп алған болатын.