Ресейлік маманға Қазақстан бюджетінен бір жылда 1,2 миллион еуро төленуі мүмкін
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде ресейлік Станислав Черчесовтың кандидатурасы қаралып жатқанын ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов растады деп жазады РИА Новости.
Бұған дейін отандық БАҚ-тар Черчесовтың ұлттық құрамаға бас бапкер болатынын және ол жылына 1,2 млн еуро жалақы алатынын жазған болатын.
«Бізде бес кандидатура бар. Станислав Черчесов – үміткерлер арасында бірінші орында тұр. Біз осыған дейін онымен сөйлестік. Нақты шешім дүйсенбі күні қабылданады», - деді Барменқұлов РИА Новости тілшісіне.
Айта кетейік, 60 жастағы Черчесовке Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан құрамасы да қызығушылық танытқаны туралы хабар тараған. Ол өз шешімін 3 маусымда қабылдайды. Қазір Ресейдің экс-бас бапкері жұмыссыз жүр.
Еске салайық, елімізге танымал актер және комик Нұрлан Қоянбаев бұған дейін Ресейден бапкер алдыруға қарсы екенін білдірді. Ол өзінің Instagram-парақшасына Черчесовтің фотосуретін салып, «Керек емес» деп жазды.