Осылайша ресейлік бір маманды өзге ресейлік маман алмастырып отыр
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып ресейлік Станислав Черчесов тағайындалды. Бұл туралы ҚФФ-ның әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланған.
2016-2021 жылдар аралығында Черчесов Ресей құрамасында бас бапкер болды: 2018 жылы өз алаңында өткен әлем біріншілігінің ширек финалына шықса, 2020 жылғы Еуропа чемпионатында топта үшінші орын алды. Ал былтырға дейін ол Венгрияның «Ференцварош» клубын жаттықтырды.
Черчесовтің мансабында Польшаның «Легия», Ресейдің «Динамо», «Амкар», «Терек», «Жемчужина» және «Спартак», Австрияның «Ваккер-Тироль» клубтары болған.
Черчесовтің басқаруымен Қазақстан ұлттық құрамасы бұл айда екі жолдастық кездесу өткізеді – 7 маусымда Армениямен кездессе, 11 маусымда Әзербайжанмен ойнайды. Ал, күзде құрамамыз Ұлттар лигасының Б дивизионында Словения, Норвегия және Австриямен өзара кім мықтыны анықтайды.
Еске салайық, бұған дейін елімізге танымал актер және комик Нұрлан Қоянбаев Черчесовтің тағайындалуына қарсылығын білдірген еді. Ол өзінің Instagram-парақшасына Черчесовтің фотосуретін салып, «Керек емес» деп жазды.
Журналистер мен блогерлердің жазуынша, ресейлік маманға жылына 1,2 млн еуро жалақы төленуі мүмкін.