«Бұл – Ресей емес»: Черчесовке Қазақстан құрамасында жұмыс істеудің ерекшелігі түсіндірілді

Редактор
03.06.2024, 15:07

Ресейлік маманның Қазақстан құрамасының бапкері ретінде қарастырылып жатқанын ҚФФ президенті растады

РИА Новости

«Рубин» клубы мен Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Алексей Попов Metaratings.ru сайтына берген сұхбатында Ресей құрамасының бұрынғы бапкері Станислав Черчесовтің жуық арада Қазақстан футбол федерациясымен келісімшартқа отыратынына қатысты пікір білдірді.

«Меніңше, оған оңай болмайды, Қазақстан құрамасы – Ресей құрамасы емес. Ойыншылар таңдауда арқаны кеңге жая алмайсың, сондықтан өзіңе ұнамайтын ойыншыдан жайдан-жай бас тарта алмайсың. Бұл келісімшарт міндеттерін тым күрделендіріп жібереді. Оның Қазақстан құрамасында қалу мүмкіндігі қандай екенін де білмеймін. Бірақ ол деңгейі жоғары маман. Басты мәселе, оның құрамаға шақыртылып жүрген футболшылармен қаншалықты тіл табыса алатындығында, бұл оңай болмайды», — деді Попов.

Бұған дейін Станислав Черчесовтің келісімшартқа қол қою үшін Астанаға келгенін жазғанбыз.

Одан қалды, Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде ресейлік Станислав Черчесовтің кандидатурасы қаралып жатқанын ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов та растаған. Ал, блогерлер мен журналистер Черчесовтың Қазақстаннан жылына 1,2 млн еуро жалақы алатынын жазды.