«Шеберлік жетіспеді»: Руслан Балтиев Армениядан не үшін жеңілгенін айтты

Редактор
08.06.2024, 10:13

Келесі ойынды Қазақстан құрамасы 11 маусымда Әзірбайжанға қарсы өткізеді

Meta-ratings.kz

Армениямен болған жолдастық кездесуге Қазақстан құрамасын бастап барған Руслан Балтиев жеңілістің себебін өзінше түсіндірді.

Еске салайық, Ереванда болған жолдастық кездесуде армяндар 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.

«Ешбір ойыншыға жақсы ойнамадың деп кінә арта алмаймыз. Иә, қателіктер болды, бірақ барлығы да барын салып ойнады. Екі сәтте концентрацияны жоғалтып алдық, жүз пайыздық мүмкіндіктерді жүзеге асыра алмадық. Бүгінгі ойынға осылайша қысқаша баға беруге болады.

Гол соғатын мүмкіндіктер жасай алдық, бірақ соға алмадық. Мұның бәрін жолымыз болмадыға телуге болмайды. Бәлкім шеберлік жетіспеген шығар, кей сәттерде расында да жолымыз болмады.

Бізде жас ойыншылар бар, олардың болашағы зор екенін көрдік. Оларды осындай матчтарда тексереміз», - деді Руслан Балтиев матчтан кейін.

Айта кетейік, Қазақстан аталған ойында 0:2 есебімен жеңіліп тұрып, төреші қосқан соңғы төрт минутта пенальтиден есепті қысқарта алды. Команданы аталған ойынға бас бапкердің орнын уақытша алмастырған Руслан Балтиев алып шыққан.