Футболшы ретінде де, бапкер ретінде де Черчесовтың тәжірибесі әлдеқайда көп дейді ол
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Самат Смақов жаңа тағайындалған бас бапкер Станислав Черчесов туралы пікір білдірді.
Еске салайық, жаңа бапкерге қатысты қоғамда пікір екіге жарылған болатын. Көпшілік ұлттық құрамвға жаттықтырушыны Қазақстаннан немесе Еуропадан алдыру керек деп есептейді.
«Станислав Черчесовтің бас бапкер қызметіне тағайындалуына қатысты нақты баға бере алмаймын. Себебі бұл федерацияның таңдауы. Ал біз олардың шешімін талқылай алмаймыз. Бұл этикаға жатпайды. Барлығын уақыт көрсетеді. Десе де, ұлттық құрамаға сенім артамыз. Жанкүйерлерден бастап, журналистерге дейін барлығы жоғары нәтиже күтеді. Еуропа чемпионатының былтырғы іріктеуінде командамыз жақсы жетістікке жетті. Енді жанкүйерлер жаңа бапкерден де кемі осындай нәтиже қалап отыр», - деді Самат Смақов KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Станислав Черчесовтің бұрынғы бапкерге қарағанда тәжірибесі мол.
«Магомед Адиевке қарағанда жаңа бапкердің тәжірибесі көбірек. Тіпті, ойыншы ретінде де біраз жетістікке жеткен. «Спартак Москва» клубының қақпашысы болды. Ал, бапкер ретінде өзін еуропалық командаларда жақсы көрсете білген. «Ференцварош», «Легия» сияқты ұжымдармен ішкі біріншіліктерде чемпион болған. Ең бастысы Ресей ұлттық құрамасымен 2018 жылғы әлем чемпионатының ширек финалына дейін жеткен», - дейді ұлттық құраманың экс-футболшысы.