«Білмей қалдым»: әйгілі футзалшы Игита «Ақтөбе» мен «Астананың» туын таптады (ВИДЕО)

Редактор
09.06.2024, 22:07

Ол өз жанкүйерерлерінің ығына жығылып, не істегенін өзі де түсінбегенін айтып ақталды 

instagram.com/leohiguita2/

«Семей» футзал клубы Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңінде сырт алаңда еліміздің бірнеше дүркін чемпионы «Қайратты» жеңді. Семейліктер алматылықтардан пенальти сериясы бойынша басым түсті – 4:2.

Бірақ бұл ойынның өзінен гөрі Алматы клубы өкілдерінің әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Себебі Қазақстан құрамасы мен «Қайрат» капитаны Игита бастаған футзалшылар автобусқа дейін жанкүйерлер төсеп қойған қарсылас командалардың эмблемаларын басып өтті. Бұл видео желіде тарап, оқырмандар спортшылардың әрекетін қатаң сынауда. Бір топ жанкүйердің ығына жығылып, қарсыластарға дәл бұлай құрметсіздік таныту қатаң жазалануы керектігі де айтылуда. Тіпті, Игитаны Қазақстаннан Бразилияға қайтару керек деген пікірлер де бар.

«Қазақстаннан көзін құрту керек», «Әлем чемпионатын ұтса, Қазақстанның туын басатын түрі бар», «Ақтөбеге енді қалай келмексіңдер», «Ақтөбе мен Астана ең алдымен Қазақстанның қалалары, бұл кәсіби спортшы қалаларымыздың атауларын таптады», - деп жазып жатыр көпшілік.

Игитаның өзі де видеоның астында пікір жазып, қарсылас командалардан кешірім сұрады.

«Қайырлы кеш! «Ақтөбе» мен «Астана» жанкүйерлерінен кешірім сұрағым келеді. Шынымды айтсам, менен не сұрап жатқанын түсінбедім. Бір ғана қате барлық жанкүйердің және менің көңіл-күйімді түсірді. Мен мұны әдейі істемедім. Бәрі өте тез болды, кейін видеодан қараған кезде ғана командалардың шарфын таптап жатқанымды түсіндім. Ақтөбеде де, Астанада да мені ерекше құрметтейді, яғни менде қасақана олардың шарфын таптайтын ниет болған жоқ. Мен футзалдың Қазақстанда дамып жатқанына қуанам және оған Ақтөбенің қосып отырған үлесі көп», - деп жазды ол өзінің Instagram-парақшасында.

Бұл жайтқа қатысты Қазақстан футзал қауымдастығының вице-президенті Нұрсұлтан Құрман мәселенің дүйсенбі күні жұмыста қарастырылатынын алға тартты.