Футболдан Қазақстанның жастар құрамасы Түркиядан ойсырай жеңілді

Редактор
10.06.2024, 23:19

Бұған дейін олар Молдовамен тең ойнаса, Әзірбайжаннан 0:2 есебімен жеңілген

Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан Қазақстан U-19 құрамасы жолдастық кездесуде Түркияның U-20 құрамасына ірі есеппен жол берді. Молдовада өткен матчта отандастарымыз Анадолы елінің жастарына қарсы тегеурін көрсете алмады.

Тартысты өткен ойында түріктер алғашқы таймның 35-ші минутында есеп ашты. Осылайша басымдыққа ие болған олар екінші кезеңде де айырмашылықты арттыра түсті. 63 және 74-ші минутта футболшыларымыз қақпаға доп жіберіп алды. 90 минут бойы қарсыластар қақпасынан саңылау таппаған жерлестеріміз 3:0 есебімен ұтылуға мәжбүр болды.

7 маусым күні ұлттық құрама Молдоваға қарсы ойын өткізіп, 2:2 есебімен тең аяқтаған болатын. Ал оның алдында Әзірбайжан құрамасына қарсы ойында 2:0 есебімен есе жіберді.