EURO-2024: Германия Шотландияны ойсырата жеңді

Редактор
15.06.2024, 02:13

Шотландықтар 10 ойыншымен жүріп Германия қақпасына бір гол соға алды

Getty Images

Футболдан Еуропа чемпионатының ең бірінші ойынында Германия мен Шотландия жабылып алты бірдей гол соқты. Оның бесеуі – алаң иелерінің еншісінде.

Тек бұл ойынның ғана емес, жалпы құрлық чемпионатының басты фавориттерінің бірі ретінде Германия құрамасы қарастырылған. Өз жерінде өтіп жатқан чемпионатта Юлиан Нагельсман шәкірттері аянып қалмасы анық. Содан да болар, ең бірінші матчты немістер сенімді жеңіспен аяқтады, есеп – 5:1.

Ойын бастала салысымен қауіпті шабуылдар ұйымдастырған Германия 10-минутта есеп ашқан, гол авторы – Флориан Вирц. 19-минутта Джамал Мусиала есепті еселеді. Бірінші тайм соңында Шотландия қорғаушысы Райан Портеус өз айып алаңында неміс капитаны Гюндоганды аяғынан теуіп құлатып, «қызыл қағазбен» алаңнан қуылды. Пенальтиден Кай Хавертц мүлт кеткен жоқ.

Екінші таймда он ойыншымен қалған Шотландия негізінен қорғанумен болды. Ал, жауапсыз үш голға қанағаттанбаған Германия шабуылын тоқтатқан жоқ. 68-минутта Никлас Фюллькруг есепті 4:0-ге жеткізсе, 87-минутта Рюдтгер өз қақпасына гол соғып, шотландық жанкүйерлерді бір қуантты. Десе де, 90+3 минутта Эмре Джан дәл соққымен көзге түсіп, қорытынды нәтижені шығарды – 5:1.

Ертең Еуропа чемпионатында тағы үш матч болады:

  • Венгрия – Швейцария
  • Испания – Хорватия
  • Италия Албания