«Ақтөбе» клубының бұрынғы басшысы 40 млн теңгені қайтаруға міндеттелді

Редактор
15.06.2024, 09:43

Ол сырттан демеуші тартып, клубқа ірі көлемде қаржы алып келсе де, сот оның әрекетін бұрыс деп тапты

Ақтөбе ФК

Сот «Ақтөбе» клубының бұрынғы басшысын 40 млн теңгені қайтаруға міндеттеді. Бұл ақшаны Ерлан Жамантаев клубқа демеушілерден 450 миллион теңге тартқаны үшін алған.

Сот мұндай көлемдегі сыйақыны заңсыз деп таныды.

Ерлан Жамантаев «Ақтөбе» клубының басқарма төрағасы қызметінен 2023 жылғы маусымда кетті.

Естеріңізде болса, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жамантаевтың 40 миллион теңге көлемінде сыйақыны заңсыз алғанын анықтаған. 2023 жылы Ерлан Жамантаев «Ақтөбе» ФК атынан «NetBet» букмекерлік компаниясымен келісімшартқа отырған.

Құжатқа сәйкес, 2023-2025 жылдар аралығында клуб букмекерлік кеңсені жарнамалағаны үшін 450 миллион теңгені демеушілік қаржы есебінде алуы керек болған. Демеуші тартқаны үшін осы қаражаттан 40 миллион теңге Жамантаевқа төленген. Өйткені клуб құжатында демеуші тартқан қызметкер белгілі бір мөлшерде сыйақы алуға құқылы екені жазылған.  

Антикор ұсынысымен қаржы басқармасы «Ақтөбе» клубының бұрынғы басшысының үстінен негізсіз алынған сыйақыны қайтару туралы талап арыз берген. Талап арыз Астанадағы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралды. Жауап беруші тұлға бәрін заң жүзінде жүзеге асырғанын айтып, кінәсін мойындаған жоқ.

Сот өз кезегінде Жамантаевтың әрекетін бұрыс деп тауып, сыйақыға қатысты шешімді клубтың директорлар кеңесі шешуі керектігін айтқан. Алайда, директорлар кеңесі клуб басшысына сыйақы тағайындау мәселесін мүлде талқыламаған.

Тағы бір жайт, 2023 жылғы 23 ақпанда «Ақтөбе» клубының директорлар кеңесі аталған демеушімен келісімшартқа қол қоймақ болған, алайда өзара келісімшарттың бұған дейін жасалып қойғаны анықталды. Тиісінше сот клуб директорлар кеңесінің рұқсатынсыз демеушімен келісімге қол қойып, содан соң басқарма төрағасына сыйақы берді деген байлам жасады.

Сот Ерлан Жамантаевтан 40 миллион 400 мың теңгені «Ақтөбе» клубының пайдасына өндіру туралы шешім шығарды.