Черногория құрамасының қақпашысы аяқасты қайтыс болды

Редактор
15.06.2024, 14:44

Алдын ала болжам бойынша ол өз пәтерінде отырғанда өзін нашар сезініп, артынша көз жұмған

Getty Images

Футболдан Черногория құрамасы мен «Милуолл» клубының қақпашысы Матия Шаркич 27 жасына қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы ол өнер көрсететін клубтың ресми сайтында жазылды.

Әзірге өлімге не себеп болғаны айтылмай отыр. Vijesti басылымының жазуынша, қақпашы сенбі күні таңертең Будва қаласындағы пәтерінде өзін нашар сезініп, артынша көз жұмған.

«Клуб бұдан өзге ақпарат беруден бас тартады және Матияның отбасының жеке өміріне қол сұқпауға шақырады», - делінген «Милуолл» клубы таратқан ақпаратта.

Шаркич аталған клубқа 2023 жылы ауысып келді. Оған дейін ол «Вулверхэмптон», «Сток Сити», «Бирмингем», «Ливингстон», «Шрусбери» сынды командалардың қақпасын күзеткен және «Астон Вилланың» жүйесінде де еңбек етті.

Ол сондай-ақ, Черногория құрамасында тоғыз матч өткізді.