Команда 27 сәуірден бері жеңіске жете алмай келеді
Қазақстан премьер-лигасының 11-тур ойындарының екінші жарыс күні өтті. Григорий Бабаян жаттықтыратын «Астана» клубы тағы жеңілді.
Бұл жолы Алматыда Шымкенттің «Ордабасы» клубын қабылдап, 0:1 есебімен жол берді. Жеңіс голын 77-минутта Еркебұлан Тұңғышбаев соқты. Осылайша, «Астана» 12 ұпаймен турнир кестесінде 9-орынға сырғыды. Команда 27 сәуірден бері жеңіске жете алмай келеді. Бұған дейін Антикор Самұрық-Қазына» АҚ «Астана» футбол клубына жалпы 50,1 млрд теңге қаржы бөлгенін мәлім еткен еді.
Тағы бір қызықты матч Семейде өтті. Андрей Карпович бұрынғы командасы «Ақтөбені» қабылдады. Бұл ойын аса тартысты өтіп, 2:2 есебімен тең аяқталды. Семейлік жанкүйерлер төреші матч барысында пенальти бермегеніне реніштерін айтты.
Сондай-ақ «Жетісу» мен «Жеңіс» арасындағы кездесуде осындай 2:2 есебімен аяқталды. Кеше 11-турдың 3 матчы өткенін жазғанбыз.
Турнир кестесінде «Ақтөбе» мен «Ордабасы» келе жатыр. Екі команданың еншісінде де 19 ұпайдан бар. Үздік үштікті «Қайрат» түйіндеді (18 ұпай).