Рамазан Оразов жанкүйерлерге тіл тигізді, «Ақтөбе» білгенін істеп жатыр – семейлік жанкүйер

20.06.2024, 17:26

Ақтөбелік команда расымен де Қазақстан кубогі финалының тағдырын алдын ала шешіп тастады ма?

Ақтөбе ФК

Футболдан Қазақстан кубогінің жартылай финалында «Елімай» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдап, 2:1 есебімен жеңген болатын. Алайда, қос матчтың нәтижесі бойынша финалға ақтөбелік команда шықты. Ал, «Елімай» жанкүйерлерінің бірі арнайы видеоүндеу жариялап, аталған матчтың былыққа толы болғанын айтып отыр.

Алпыс жыл бойы семейлік клубқа жанкүйер болып келген Саясат Сәрсенбиновтың айтуынша, ақтөбелік футболшылар өздерін алаңда дөрекі ұстап, тіпті этикаға жат әрекеттерге барған.

«Мен футболдағы мұндай былықты өмірімде алғаш рет көріп отырмын. Біріншіден, төреші біздің команданың үшінші голын есепке алмай қойды. Ол жерде таза гол болған еді. Екіншіден, Екіншіден, ақтөбелік команда ойыншылары өзін өте дөрекі ұстады. Мен құрметтейтін Рамазан Оразов жанкүйерлерге тіл тигізіп, маймылға пародия жасады. Ойыншылары: «біз Әділет Барменқұловтың командасымыз, кубок біздікі» деп отыр. Бұл масқара қашан бітеді?», - дейді семейлік жанкүйер.

Бұл видеоға байланысты әзірге «Ақтөбе» басшылары ешқандай пікір білдірмеді. Ал желі қолданушылары екі тарапқа бөлінді: бірі ақсақалдың сөзіне сенсе, бірі мұны жай провакация деп отыр.

Айта кетейік, Кубок финалында «Ақтөбе» мен «Атырау» өзара кездеседі. Атыраулықтар кеше «Тобылды» 4:0 есебімен жеңген болатын.