Футболшылар дереу көмек көрсетуге асыққан
Нидерландтың «Твенте» клубының жанкүйерлері трибунадағы үлкен баннердің астында қалып қойды.
Жанкүйерлер жолдастық кездесуде сүйікті командасын қолдау үшін арнайы баннер дайындаған екен. Өкінішке қарай, мұндай тосынсый жарақатқа және матчтың кейінге шегерілуіне алып келді.
Кранға ілінген үлкен баннердің жібі үзіліп кетіп, жанкүйерлердің үстіне құлады. Жедел қызмет өкілдерінің мәліметінше, жарақат алған бірнеше адам ауруханаға жеткізілген.
Oost басылымы ойыншылардың бірден көмекке келгенін айтады. Ал өрт сөндіру қызметі зардап шеккендердің арасында ауыр жарақат алғандар бар деген болатын.
Жолдастық кездесу кейінге шегеріліп, құтқару қызметі барлық күшті жұмылдырған.
«Қауіпсіздікті арттыру мақсатында екі травматологиялық тікұшақ шақыртылды, Гестерендегі спорт саябағына бірнеше жедел қызмет көрсету көлігі мен өрт сөндіруші команда келді», - делінген басылым мәліметінде.
Дәрігерлер жанкүйерлердің алған жарақаты өмірге қауіп төндірмейтінін айтты.