Жұлдыздарды жинаған Франция құрамасы ұятқа қалды

Редактор
25.06.2024, 23:54

Дортмунд қаласында Франция мен Польша құрамалары кездесті

AFP

Еуропа чемпионатында D тобының финалдық ойындары өтті.

Дортмунд қаласында Франция мен Польша құрамалары кездесті. Екінші айналымның қорытындысы бойынша поляктар плей-офф кезеңіне шығудың барлық мүмкіндіктерінен айырылып, франциялықтар Нидерландпен бірге төрттіктегі көшті бөлісіп тұрған еді.

Бұл кездесуде алаңға мұрны сынғаннан кейін шыққан Франция құрамасының көшбасшысы Килиан Мбаппе алғашқы голдың авторы атанды. Ол 56-минутта пенальти теуіп, Еуропа чемпионатындағы алғашқы голын соқты.

Айта кетейік, Польша құрамасының көшбасшысы Роберт Левандовский де 79-минутта пенальтиден есепті теңестірді. Нәтижесінде қарсыластар 1:1 есебімен тең тарқасты.

Берлинде өткен параллель ойында Нидерланд құрамасы Аустриямен кездесті. Ойын голға бай болды. Матчтың 80-минутына дейін есеп 2:2 еді. Сөйтіп тұрғанда аустриялық Марсель Сабитцер гол соғып, өз құрамасына жеңіс әкелді.

Осылайша Аустрия құрамасы 6 ұпай жинап, бірінші орыннан плей-офф кезеңіне өтті. Ал осы топтың және жалпы чемпионаттың фавориті саналған Франция 5 ұпаймен екінші орында қалды. Сондай-ақ Нидерланд командасы 4 ұпай жинап, үшінші орынға қалып кетті. Ал Польша кестені 1 ұпаймен кестені тұйықтады.