Англия бас бапкері Гарет Саутгейт өзіне айтылған сынға жауап берді

Редактор
26.06.2024, 08:59

Ағылшындар чемпионат басталғалы бері сүреңсіз ойнап келеді

Reuters

Футболдан Англия құрамасының бас бапкері Гарет Саутгейт Словенимен болған ойыннан кейін (0:0) сынның астында қалды. Оның шәкірттері Еуропа чемпионатына басты фавориттердің бірі ретінде келіп, үш ойынның тек біреуінде ғана жеңіске жеткен.

Ағылшын маманының тактикасы туралы «Бірінші болдың» подкастында да айтылған болатын.

«Мен жанкүйерлердің сынын түсінем, бірақ жағдай біз үшін қиын болды. Біз соңғы матчта ойыншыларды алмастырып, жеңіске жетуді көздедік. Алаңға шабуылшыларды шығардық.

Ойын біршама түзелді. Біз өткір шабуылдар ұйымдастырдық, гол соғатын сәттер болды. Бірақ, шешуші сәтте ойыншылардың жолы болмай жатты», - деп ақталды Саутгейт.

Айта кетейік, C тобында өнер көрсеткен Англия құрамасы 5 ұпай жинап, топтан бірінші орынмен плей-офф кезеңіне шықты. Ал, үш ұпай жинаған Дания екінші орын алса, дәл осынша ұпаймен Словения үшінші орынға жайғасты. Соңғы орындағы Сербияда небәрі екі ұпай бар.