«Бразилияда өлтіріп қоятын еді». Игита Қонысбаевтың сынына жауап берді

Редактор
27.06.2024, 16:24

Игита «Ақтөбе» мен «Астана» клубтарының туларын таптап, басы дауға қалған еді

prosports.kz

Футзалдан Қазақстан құрамасының қақпашысы Игита Ұлан Қонысбаевтың тарапынан өзіне айтылған сынға жауап берді. Vesti.kz сайтына берген сұхбатында ол өзін қолдау білдірген Самат Смақовқа алғысын жеткізді.

Жуырда ғана Игита «Ақтөбе» мен «Астана» клубтарының туларын таптап, басы дауға қалған еді. Осыдан соң Қонысбаев «мұндай әрекет үшін Бразилияда өлтіріп қоятын еді» деген. Игита футболшының пікіріне жауап берді.

«Маған оның сөздерін жіберді. Оның айтып отырғаны дұрыс емес. Ол өзі хабары жоқ дүниелерді айтқан. Менің Қазақстанда тұрып жатқаныма көп жыл болды, бәрін білемін демеймін, бірақ қазақтарды түсінетіндей жағдайға жеттім. Ал Қонысбаев Бразилия туралы не айта алады? Ол Бразилияның мәдениетінен де, адамдарынан да бейхабар. Ол Бразилияда болмаған да ғой. Бразилияда мұндай әрекетке мүлде басқаша қараушы еді, маған сеніңіз. Мысалы, «Фламенго» өкілдері «Васко Да Гаманың» туын таптаса, «Васко» өкілдері де: «сендерді жеңгенде туларыңды таптап өтеміз» деуші еді. Бұл үшін адам өлтіру туралы ешкім ойламайды да. Мен ондай ойыншының бар екенін білмейді екенмін. Мен Самат Смақовты танимын. Сондықтан мұндай дүниені айту үшін шынымен де білу керек», - деді қақпашы.

Игита Самат Смақовтың тарапынан қолдау болғанын айтты. 

«Иә, ол маған хабарласып: «Бауырым, уайымдама. Жағдай күрделі, бірақ хейтке мән бермеуге тырыс», - деді. Оның қолдау көрсеткеніне алғыс айтамын. Әйтпесе ол да кезінде «Ақтөбеде» ойнады ғой», - деді Игита.

Материалда: