Семсерлесуден Қазақстан ерлер командасы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

Редактор
27.06.2024, 16:30

Жаттықтырушы Тимур Байтасов Азия алтынын 9 жыл бойы күткенін айтты

ҰОК

Сары құрлық біріншілігінде Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов, Еңлік Сертай, Руслан Құрбанов үздік нәтиже көрсетті. Семсерлесуден мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасов Азия алтынын 9 жыл бойы күткенін айтты. 

«Бұл жеңіс біз үшін өте маңызды болды. Себебі, 2015 жылдан бері осы чемпиондық атақ бұйырмай келген.  Үш рет күміс, бес рет қола алғанбыз. Сондықтан, бұл жетістік бізді ұзақ күттірді.  Шыны керек, осы маусым біздің команда үшін өте жақсы өтуде. Азия чемпионатының финалында Жапониядан басым түстік. Жапониялық нояндар қазіргі Олимпиада чемпиондары, Азия ойындарының жеңімпазы. Әлемдік рейтингте үшінші орында тұр. Олар спортта қандай атақ болса, соның бәрін иеленген. Енді біз әлемдік рейтингте 4-орынға көтерілеміз. Себебі, Еуропа чемпионатында Венгрия ширек финалға шыға алмай, ұпай жоғалтты», - дейді Байтасов. 

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Азия чемпионатында топ жарған семсерлесушілерді жеңісімен құттықтады.

«Спортшыларымыз әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап, өз мықтылықтарын дәлелдегеніне қуаныштымын. Әрине, жерлестерімізге Азия біріншілігінде топ жару оңайға соқпағаны белгілі. Дегенмен, жоғары деңгейдегі дайындықтың, жеңіске деген жігердің арқасында қарсыластарынан 40:34 есебімен айласын асырды. Алдағы бәсекелерде де сәтті өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектеспін», - деді министр.

Турнир барысында жерлестеріміз Қатар, Қырғызстан, Гонконг спортшыларынан басым түссе, финалда Олимпиада чемпионы Жапония құрамасын тізе бүктірді.