Ол қазақ журналистерін бапкерге орталық талап қоюуға шақырды
Жақында ғана қызметіне кірісіп, тілшілерге арнап брифинг өткізген Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақша сұрақ қойған тілшінің сауалына шамданған еді. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, сынға ұшырады. Осыған байланысты белгілі журналист Сәкен Сыбанбай пікір білдіріп, қазақ журналистерін бапкерге орталық талап қоюуға шақырды.
«Бұл не масқара? Сонда ол Қазақстан деген тәуелсіз елдің мемлекеттік тілін Ресейдің түкпіргі бір өлкесіндегі осетин тілімен салыстырып тұр ма? Мұнысы – нағыз басыну емес пе? Бапкер таппағандай осындай шовинист маманға жылына 1 миллион доллардан астам жалақы кесіп, келісімшарт жасасқан Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) өздерінің нағыз орысқұл екенін дәлелдеп отыр. Жарайды, Черчесов Қазақстанды Ресейдің бір губерниясы деп ойлаған екен, ал бұл елдің Ресей емес, Қазақстан екенін, журналистердің қазақ тілінде де сұрақ қоюы мүмкін екенін, оған құқығы бар екенін ҚФФ президенті Ә.Барменқұлов неге ескермеген, неге ескертпеген? Неге аудармашы ертпеген? Әлде ол да «Қазақстан – орыстілді ел ғой» деп есептей ме?», - дейді Сәкен Сыбанбай.
Ол осы ретте біз секілді «КСРО-дан шыққан» Грузия елінің футбол құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық турнирінде азуы алты қарыс Португалияны ұтып, 1/8 финалға жолдама алғанын мысалға келтірген.
«Керемет табыс! Осы табысқа грузин футболшылары тек жасыл алаңдағы шеберлігі арқылы ғана жетіп отыр ма? Жоқ. Сол шеберлікке қоса ұлттық рухтың, ұлттық намыстың, отаншылдықтың (патриотизмнің) алапат күші арқылы жетіп отыр. Грузияны жаттықтыратын француз маманы Вилли Саньольдің айлығы Черчесовтан 6 есе (!) аз! Жарайды, ол да грузин тілін біле қоймас. Грузин футболшыларының көптен шетелде ойнайтындары болмаса, француз-ағылшын тілдеріне бәрі бірдей жетік емес шығар. Бірақ онда аудармашы бар ғой! Жүз пайыз грузин жігіттерінен құралған шын мәніндегі ұлттық құрамада бәрі де грузинше сөйлейді, жасыл алаңда грузинше айқайласады, ерегесіп қалса грузинше боқтасады! Ал бізде қалай? Бірнеше қазақ футболшысы ойнап жүргенімен, Қазақстан ұлттық құрамасындағы негізгі тілдің орыс тілі екені бәрімізге де аян. Черчесовке осындай орыстілді орта қажет болып тұр», - дейді журналист.
Ол тым болмаса БАҚ өкілдерімен кездесуге, баспасөз мәслихатына аудармашы шақыруға болады ғой! Неге қазақ журналистері Черчесовке түсінікті тілде ғана сұрақ қоюы керек? Қазақ журналистерінің әрқайсысының артында қазақ тілінде ақпарат, мәлімет, бейнекөрініс күтіп мыңдаған қазақтілді көрермен, тыңдарман, оқырман тұр емес пе?! Қала берді, қазақ дейтін халық тұр емес пе?! Неге олардың құқығы тапталуға тиіс? деп отыр.
Сондықтан, мұндай жағдай қайталанбас үшін, бұдан былай ҚФФ бас бапкер Черчесовтің БАҚ өкілдерімен әр кездесуге арнайы аудармашымен келуін міндеттеуі, қамтамасыз етуі керек. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде қойылған сұрақтарға наразы болып, қазақтілді журналистердің ар-намысына тигені үшін С.Черчесовтің келесі баспасөз мәслихатын ұлттық БАҚ өкілдерінен арнайы кешірім сұраумен бастауын талап етеміз»,- дейді Сәкен Сыбанбай.
Сонымен қатар бірнеше талаптарын жеткізген: