Англия құрамасы 90 минут бойы қақпаға бірде-бір доп теппей жеңіске жетті

Редактор
30.06.2024, 23:57

Матч тағдыры овертаймда шешілді

Getty Images

Футболдан Еуропа чемпионатының 1/8 финалының кезекті ойыны Англия мен Словакия арасында өткен болатын. Словактар 90 минут бойы 1:0 есебімен жеңіп тұрғанымен, 90+5 минутта Гарет Саутгейт шәкірттері есепті теңестіріп кетті.

Ағылшындар қақпасына жалғыз голды 25-минутта Шранц соққан болатын. Осы есеп тоқсан минут бойы сақталды. Словакия ойыншыларының сауатты қорғанғаны сонша, осы тоқсан минутта Англия футболшылары бірде-бір рет дәл соққы жасай алған жоқ. Есесіне 90+5 минутта Марк Геидің баспен берген пасын қақпаға қайшылап тепкен Джуд Беллингем гол соғып, командасын анық жеңілістен құтқарды. 

Ал, овертайм басталған сәтте Харри Кейн (91-минут) баспен гол соғып, Англия құрамасына жеңіс алып келді. Саутгейт шәкірттері енді 6 шілдеде ширек финалдық кезеңде Швейцариямен кездеседі.