Тұраншылдар белгісін көрсеткен түркиялық футболшы жазалануы мүмкін

Редактор
03.07.2024, 16:06

Австрия бұл белгіні 2019 жылы лаңкестік ұйымдардың символы деп таныған

Ebrahim Noroozi/AP Photo/picture alliance

Еуропа чемпионатының 1/8 финалында Австрия қақпасына екі гол соққан Мерих Демираль УЕФА тарапынан жазалануы мүмкін.

Мерих голын тойлау кезінде «Bozkurt», яғни «Көк бөрі» тобының ишарасын көрсеткен. Түркияда аталған топты Ұлтшылдар қозғалысы партиясы қолдайды. Ал Австрия бұл белгіні 2019 жылы лаңкестік ұйымдардың символы деп таныған. Айтпақшы, кездесу алдында австриялық жанкүйерлер «Германия – немістердікі, шетелдіктер кетіңдер» деп әндеткен. Сондықтан бұл матч тартысты өткенімен қатар саяси көзқарастар қақтығысына да толы болғаны анық.

Дегенмен Германияда бұл топтың өзіне де, оның белгісіне де тыйым жоқ. Демиральдің өзі бұл әрекетімен ешкімді кемсіткісі келмегенін, тек түркі жұртының мәртебесін асқақтатуды көздегенін айтады. Себебі тұраншылдар көк бөріні түркі дүниесінің символы ретінде қолданады.

«Бұлай тойлауым түркі жұртынан шыққаныммен байланысты. Сондықтан да осында ишараны көрсеттім. Мұндай ишараны стадионда басқалардың жасағанын да көрдім. Бұдан саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Біз – бәріміз түркі халқымыз, өзім түрік болғаныммен мақтанамын. Бар-жоғы бойымды кернеген мақтаныш сезімін көрсеткім келген. Бұл ишараны көрсететін тағы мүмкіндік туады деп ойлаймын», - деді 26 жастағы футболшы.

Естеріңізде болса, Демираль ойынның 57-минутында есеп ашып, Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіндегі ең жылдам голдың авторы атанды. Ал 59-минутта екінші голын салды. Австрия тек бір голмен жауап қатты.

Енді Түркия 6 шілде күні Нидерланд құрамасымен кездеседі.

Материалда: