Хайлайтс: Словения – Қазақстан матчының қызықты сәттері (ВИДЕО)

Редактор
21.11.2023, 10:02

Қазақстан құрамасы келер жылы Ұлттар Лигасында өз мүмкіндігін тағы бір сынап көреді

AFP

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарын аяқтады. «H» тобында өнер көрсеткен Магомед Адиев шәкірттері жарысқа берілетін екі жолдаманың бірін Словениямен сарапқа салып, 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

Бірінші тайм алаң иелерінің басымдығымен өткенімен, Қазақстан футболшылары қауіпті шабуылдар ұйымдастыра білді. Алайда, 41-минутта Ян Вороговский өз айып алаңында қарсыластың шабуылшысын теуіп құлатып, төреші ВАР қарағаннан кейін пенальти белгіледі. Беньямин Шешко мүлт кеткен жоқ.

Ал, екінші тайм бастала салысымен Рамазан Оразов есепті теңестірді. Осы голдан кейін қанаттанған Адиев шәкірттері Словения қақпасына қарымды шабуылдар жасады, алайда ешбірі голға айналған жоқ.

Матч аяқталар тұста алаңға тыңнан шыққан Беньямин Вербич гол соғып, Қазақстан ойыншыларының да, жанкүйерлерінің де үмітіне су септі. Есеп 2:1, Словенияның пайдасында.

Енді біздің ұлттық құрама келер жылдың көктемінде Ұлттар Лигасының жартылай финалында Грекияға қарсы ойнайды. Екеуінің қай жеңгені не Грузиямен, не Люксембургпен финалда кездесіп, Еуропа чемпионатына берілетін соңғы жолдаманы сарапқа салмақ.