Қазақстанға сыймаған ресейлік менеджерді қырғыздар да қуып жіберді

Редактор
07.07.2024, 22:10

Ол «Тобыл» басшыларын футолдан мүлдем хабары жоқ кездейсоқ адамдар деп айыптаған еді

Тобыл ФК

«Тобылдың» бұрынғы бас директоры, Англияның «Манчестер Юнайтед» клубында ойнаған ресейлік менеджер Андрей Канчельскис Қырғызстан клубына да керек болмай қалды.

Ол былтыр желтоқсан айынан бері Жалал-Абадтың «Мурас Юнайтед» клубының бас бапкері болған. Қырғызстан кәсіпқой футбол лигасының мәліметі бойынша, Канчельскис қызметінен кетіп, оның орнына беларусь Вячеслав Левчук тағайындалған.

Ресейлік маман былтыр Қостанайдың «Тобыл» клубында директор болған. Бірақ маусым соңында клуб қожайыны Әлімжан Қалдияр оны жұмыстан шығарып жіберген. Осыдан кейін ол ФИФА мен УЕФА-ға арыз түсірген болатын. Бірақ ешқандай шешім қабылданған жоқ.  Шетелдік маманның айтуынша, клуб қожайындары маманмен келісімшартты еш ескертусіз бұзған. Осыдан кейін Канчельскис Әлімжан Қалдиярды футболдан мүлде бейхабар деп айыптаған еді.