Испания Ямаль мен Ольмоның арқасында финалға шықты

Редактор
10.07.2024, 03:06

Құрлық чемпиондығы атағына Англия мен Нидерланд құрамаларының да үміті бар

Getty Images

Футболдан Еуропа чемпионатының алғашқы финалисі анықталды. Францияны 2:1 есебімен жеңген Испания құрамасы енді құрлық чемпионы атағы үшін сайысқа түседі.

Жартылай финалдық матч Мюнхендегі «Алянц-Аренада» өтті. Ойынның небәрі тоғызыншы минутында француздар есеп ашқанымен (Коло Муани), Испания тайм соңына дейін екі голмен жауап берді. Алдымен 21-минутта чемпионаттың ең жас ойыншысы атанған Ламин Ямаль есепті теңестірсе, 25-минутта Даниэль Ольмо «қызыл фурияны» алға шығарды.

Екінші таймда Франция құрамасы жеңіліп жатқанына қарамастан белсенді шабуылға шықпады. Тек Килиан Мбаппенің гол соғатын бірер мүмкіндігі болғанымен, шабуылшы қақпадан қиыс теуіп жатты.

Осылайша, Испания 2024 жылғы Еуропа чемпионатының финалына шыққан алғашқы команда атанды. Ал, матчтың ең үздік ойыншысы атағы Ламин Ямальға берілді.

Енді екінші жартылай финалдық ойында Англия мен Нидерланд құрамалары өзара мықтыны анықтайды.