Оның трансферлік құны 2 млн еуроға тең
Қазақстан құрамасының және мәскеулік «Зениттің» қорғаушысы Нұралы Әліпке Түркияның «Фенербахче» футбол клубы «құда түсіп» отыр.
Бұл туралы спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленнің Telegram–каналында жазылған.
«Нұралыға қол жеткізу үшін "Фенербахче" "Зенитпен" келіссөздер жүргізіпті. "Көк-сарылар" Әліпті командасына қосатын болса, оны алаңға легионер ретінде емес, жергілікті футболшы ретінде шығара алады. Сондықтан, Нұралы Әліпті құрамдарына қосу түріктер үшін пайдалы. Оның трансферлік құны 2 миллион еуро болады. "Зенит" футбол клубының жерлесімізді сата салуға құлқы жоқ. Дегенмен, "Фенербахче" Әліпті командаларына қосуды қатты қалап отырған көрінеді», - делінген аталған жазбада.
Еске салайық, Қазақстан Словениямен ойнағаннан кейін әлеуметтік желіде Әліпке әйгілі «Манчестер Юнайтед» клубы қызығушылық танытып отырғаны айтылған. Кейін бұл ақпаратты отандық БАҚ-тар жаза бастады. Алайда, Нұралы Әліптің агенті бұл мәліметтің жалған екенін айтып, ақпарат көздерін фэйк таратпауға шақырды.