Бұған дейін олардың кіммен жұмыс істейтінін QFL шешіп келген
Қазақстан футбол лигасы (QFL) отандық футбол клубтарына кез келген букмекерлік кеңсені демеушілікке тартуға салынған тыйымды алып тастады. Бұған дейін командалар бір ғана демеушімен жұмыс істесуге міндеттеліп келген еді деп жазды спорт журналисі Владимир Жарков.
Айта кету керек, Қазақстан Премьер-лигасының негізгі демеушісі OLIMPBET букмекерлік компаниясы болатын. Тиісінше, ҚПЛ-дегі барлық клуб осы контораның жарнамасын жасап келді. Енді командалар қосымша қаражат табу үшін басқа букмекерлерді демеушілікке тарта алады дейді Жарков өзінің Telegram-парақшасында. Бұл шешім өз кезегінде клубтардың қаржылық жағдайын жақсартады.
«Фонд-бюро расследования коррупции» Telegram-каналы да осы ақпаратты растады. Канал таратқан ақпаратқа сенсек, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті QFL-ге ескерту жолдаған. Соның негізінде QFL клубтарға салған тыйымын кері қайтарып алыпты.