«Ақтөбе» бапкерінің басына қара бұлт үйірілді – БАҚ

Редактор
28.07.2024, 10:02

Оның тағдыры бүгінгі ойыннан кейін шешілуі мүмкін

Ақтөбе ФК

Бүгін ҚПЛ-дің 15-туры аясында тағы екі матч өтеді. «Ордабасы» сырт алаңда «Жетісумен» ойнаса, «Ақтөбе» «Қызылжарды» қабылдайды.

«Серый CARDINAL» телеграм-каналының жазуынша, осы матчтан кейін «Ақтөбенің» бас бапкері Дмитрий Парфеновтың клубтағы тағдыры шешілуі мүмкін.

Айта кетейік, Конференция лигасында өнер көрсеткен ақтөбелік команда бірінші айналымда Боснияның «Сараево» клубынан өте алмады. Осыдан кейін жанкүйерлер тарапынан Парфеновқа қатысты сын-пікірлер көп айтылды.

«Ақтөбеліктердің бұл ойында «Қызылжарды жеңеріне күмән жоқ. Тек клубтағы нашар атмосфера бұған кедергі келтіруі мүмкін. Дмитрий Парфеновтың басына қара бұлт үйірілгені туралы ақпарат Ақтөбеден күн сайын келіп жатыр. Ал, бүгін ұпай жоғалтса онда бапкердің тағдыры расымен де жақын күндері шешілуі мүмкін», - деп жазған аталған телеграм-каналының авторы.

Осы ретте атап өту керек, «Ордабасы» бас бапкерінің де жағдайы қазір жақсы деп айта алмайсың. Шымкенттік клуб Чемпиондар лигасында Молдованың «Петрокуб» командасынан жеңіліп, жарыстан шығып қалса, Конференция лигасында Люксембургтің «Дифферданж» клубынан ұтылды (қарымта матч Шымкентте өтеді).