«Силькеборг» Рамазан Оразовтың «кесірінен» еурокубоктік турнирден шығып қалды

Редактор
02.08.2024, 09:56

Ол алаңда небәрі 5 минут ойнады

Ernst Van Norde/Ritzau Scanpix

Қазақстандық жартылай қорғаушы Рамазан Оразов өнер көрсететін «Силькеборг» командасы Еуропа лигасынан «ұшып» кетті. Команда іріктеу кезеңінен әрі аса алмаған. 

«Силькеборг» өз алаңында «Мольдемен» кездескен болатын. Тіпті, 3:2 есебімен де жеңді. Алайда, қос ойынның қорытындысында келесі кезеңге өте алмады. Өйткені, алғашқы матч 1:3 есебімен аяқталған еді.

Айта кету керек, Рамазан Оразов негізгі құрамда алаңға шыққан жоқ. Бас бапкер оны тек 73-минутта ойынға қосты. Қазақстандық жартылай қорғаушы шыққаннан 2 минут өткен соң гол соққан. Алайда, төреші голды есепке алмады (оффсайд). Есесіне, 78-минутта Оразов «қызыл қағаз» алып алаңнан қуылды.

Бір ойыншысы алаңнан кеткеннен кейін «Силькеборг» өз қақпасына бір гол жіберіп алды және бір гол соқты. Осылайша, Оразовтың командасы Еуропа Лигасындағы жорығын аяқтады.