«Қызыл қағаз» алмаған футболшылар

08.08.2024, 21:12

Футболда «Джентльмендер клубы» деген термин бар. Оған футбол карьерасында тәртібімен, қарсыласына, жанкүйерлерге, төрешілерге деген ерекше құрметімен көзге түсіп, бірде-бір мәрте қызыл қағаз алмаған ойыншылар кіреді. Өкінішке қарай, клубтың тізімінен Месси, Зидан, Джеррард, Гиггз, Роналду, Неймар, Мбаппе және тағы басқа атақты футболшыларды көре алмайсыз. Өйткені бұлар карьерасында кемінде бір мәрте болсын «қызыл қағаз» алған.

1bol.kz

«Бірінші голдың» бүгінгі шығарылымын жоғарыдағы футболшылар сияқты жұлдыз деңгейіне жетсе де, карьерасында мүлде «қызыл қағаз» алмаған ойыншыларға арнаймыз.

Мишель Платини

Тәртіпті футболшылардың көшін Франция футболы тарихындағы ең үздік шабуылшы және әлемнің тірі аңызына айналған Мишель Платини бастап тұр. Үш мәрте «Алтын доп» сыйлығын иеленген ол «Нант», «Сент-Этьен» және «Ювентус» клубтарының ардагері саналады. Платини 17 жылға жуық жасыл алаңда өнер көрсетсе де, төрешілер тарапынан бірде-бір мәрте «қызыл кәртішкеге» лайық деп танылмаған екен.

Рауль Гонсалес

«Реал» клубының аңызы Рауль Гонсалес те алаңдағы тәртіпті ойынының арқасында тәп-тәуір жетістікке жеткен футболшы. Испания құрамасының экс-шабуылшысы УЕФА Чемпиондар лигасының үш дүркін жеңімпазы және Испанияның алты дүркін чемпионы атанған. «Реал», «Шальке-04», «Әл-Садд» және «Нью-Йорк Космос» командаларында 932 матч өткізіп, 388 гол соққан. Сонымен қатар Испания құрамасында 44 мәрте мергендігімен көзге түскен. Сөйтіп 17 жылдық мансабында бірде-бір рет алаңнан қуылмаған.

Дэмьен Дафф

Ирландия футболының ең жарқын жұлдызы Дэмьен Дафф 19 жыл кәсіби футболмен шұғылданған. «Челси» және басқа да клубтарда доп тепкен Дафф карьерасын Aустралияның «Мельбурн» командасында аяқтады. Жартылай қорғаушы тек клубтық деңгейде ғана емес, ұлттық құрамадағы ойындарда да ешқашан алаңнан қуылмаған. Ол бір ғана ұлттық құрамада 100-ден аса матч өткізген. Қазіргі таңда Дафф Ирландияның «Шелбурн» клубын жаттықтырады.

Филипп Лам

Әдетте қызыл қағазды қорғаушылар жиі алып жатады. Бірақ тасқамал қорғаушылардың арасында да мұндай марапат алмаған футболшылар бар. Соның бірі және бірегейі – германиялық Филипп Лам. Бундеслига ойындары өте тартысты өтетінін ескерсек, «қызыл қағаз» алмау қорғаушы үшін оңай шаруа емес екені айтпаса да түсінікті. Германиялық клубтарда жалпы саны 765 ойын өткізген Лам 22 мәрте әртүрлі дәрежедегі кубоктарды басынан асыра көтерген. Оның ішінде әлем чемпионатының кубогі бар екені де кісі қуантады.

Карим Бензема

Жасыл алаңда әлі күнге дейін өнер көрсетіп келе жатқан Карим Бензема карьерасында бірде-бір рет қызыл қағаз алмаған. Кейде тосын мінез таныта қалатын франциялық футболшы үшін 20 жыл бойы «қызыл қағаз» алмау – шын мәнінде ғажап нәтиже. Бүгінге дейін оның еншісінде 700-ден аса ойын, әртүрлі деңгейдегі 30-ға тарта жүлде бар. Бензема «Реал» сапында 14 маусым өткізіп, былтыр Сауд Арабиясының «Әл-Иттихад» командасына ауысқан болатын. Шабуылшының өзі мансабын алғашқы клубы «Лион» командасында аяқтағысы келетіні жиі айтады.

Гари Линекер

World Soccer басылымының нұсқасы бойынша XX ғасырдың таңдаулы футболшыларының қатарына енген ағылшын футболының жұлдызы Гари Линекер де тәртіпті футболшылардың қатарында. Өз дәуірінде «Лестер», «Эвертон», «Барселона», «Тоттенхэм», «Нагоя Грампус» клубтарында және бірнеше жыл Англия құрамасында өнер көрсеткен Линекер барлығы 567 матч өткізіп, қарсылас қақпасын 281 мәрте дәл көздеген. Сондай-ақ әлем чемпионаттарындағы гол саны бойынша Англия құрамасының рекордшысы.

Андреас Иньеста

Талай жыл «Барселона» клубы мен Испания құрамасын өрге сүйреген Андреас Иньеста бүгінге дейін 800-ден аса матч өткізсе де, ешқашан алаңнан қуылмаған. Үндемей жүріп үлкен іс тындыратын ол бүкіл әлемге ерекше талантымен ғана емес, тәртібімен де танымал. Есім-сойына Maestro атағын ілестіріп алған Иньеста Испания құрамасымен бірге бір мәрте әлем чемпионатында, екі рет Еуропа чемпионатында топ жарды. Иньестаның ОАР-да өткен жаһандық біріншіліктің финалында соққан голы Испанияға 40 жылдан кейін әлем чемпионы атағын сыйлағанын білмейтін футбол жанкүйері кемде-кем шығар.

Гаэтано Ширеа

«Джентльмендер клубының» кезекті қаһарманы – 1982 жылы Италия құрамасымен бірге әлем чемпионы атанған «Скуадра Адзурра» өкілі – Гаэтано Ширеа. Сол уақыттан бері ол Италия футболының джентльмені атанып кеткен. Ширеа 16 жылдық кәсіби мансабының 14 жылын «Ювентус» клубында өткізіп, УЕФА-ның барлық үш басты клубтық турнирінде жеңіске жеткен алғашқы ойыншы. Мансабын аяқтағаннан кейін «Ювентус» клубында скаут­қызметін атқарды. Өкінішке қарай, ол 1987 жылы Польшада жүріп жол апатынан қаза тапты.

Микаел Лаудроп

Даниялық футболшы Микаел Лаудроп әр жылдары Испания, Дания, Жапония, Италия және Нидерланд чемпионаттарында доп тепкен. Сонымен қатар 16 жасынан бастап Дания ұлттық құрамасына шақырту алған. Еуропа чемпионы атанған Микаел Дания құрамасының жейдесін киіп, 104 мәрте жасыл алаңға шыққан. Кейіннен жаттықтырушы қызметін атқарған ол футболшы кезінде 656 ойынға қатысып, бірде-бір рет төрешіні «қызыл қағаз» көрсетуге мәжбүрлемеген.

Материалда: