«Ордабасы» бюджеті аз тағы бір командадан өз алаңында ұтылып ұятқа қалды

Редактор
08.08.2024, 22:11

Қарымта ойын бір аптадан кейін Арменияда өтеді

Пюник ФК

Шымкенттің «Ордабасы» клубы УЕФА Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Арменияның «Пюник» клубын қабылдап, жеңіліп қалды.

Матч Алматы қаласында өтті. «Ордабасының» бас бапкері бұған дейін «Дифферданжбен» болған матчтың соңында үш пенальти қайтарған қақпашы Бекхан Шайзаданы алаңға шығарған жоқ. Орнына беларуссиялық Игнатовичті ойнатты. 

Бірінші таймда Садовский есеп ашқан, бірақ төреші VAR қарап, голды санамады. Ал екінші кезеңде қонақтар алға шықты. Нигериялық Юсуф Отубанджо соққан жалғыз гол «Пюникке» жеңіс сыйлады.

Енді қарымта матч бір аптадан кейін Армениядан өтеді.

Айта кетейік, «Ордабасы» еурокубоктағы жорығын Чемпиондар лигасынан бастаған. Бірақ Молдованың «Петрокуб» командасына екі матчта да гол соға алмай, жарыстан шықты. Одан кейін Конференция лигасында Люксембургтің «Дифферданж» командасын пенальти сериясынан әзер жеңген еді. 

«Ордабасы» кездескен командалардың барлығының бюджеті шымкенттік клубтың бюджетінен бірнеше есе аз.